![]() |
![]() |
6 маусым күні – «Еrtіs Promenade» сахнасында Павлодар облыстық Оқушылар сарайының «Свет звезды» үлгілі ән театры өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті.
«Нас учили быть птицами…» атты концерттік бағдарлама көрермен жүрегін тербеп, жанға шуақ сыйлады.
Бұл кеш – үш онжылдықты артқа тастаған өнер ордасының биік белесі. Осы жылдар ішінде «Свет звезды» жүздеген балаға ән әлемінің есігін ашып, арманның жетегіне еріп, өз-өзіне сенуге, сахнаны сүюге, өнерді қадірлеуге үйретті. Бұл – тек ән мектебі ғана емес, бұл – жүректерге шабыт ұялатып, болашақ жұлдыздардың алғашқы қадамын айқындаған шынайы шығармашылық орда.
Сахна төрінде театрдың бүгінгі тәрбиеленушілерімен бірге әр жылдары түлеп ұшқан түлектер де өнер көрсетті.
Осы ұжымнан шыққан танымал әнші Ринат Мальцагов та туған ордасына деген алғысын әнмен жеткізді. Ол кәсіби жолының бастауын дәл осы сахнамен байланыстырды.
Сондай-ақ, Роза Мұқатаева, Екатерина Прокопенко, Медина Күмісбек сынды түлектер өз өнерлерін ортаға салып, ұстаздарына деген құрметін білдірді.
Кеш репертуары мазмұнды да мағыналы болды. «Туған жер», «Желкілдек», «Let it be», «Маленький принц» секілді жүректі тербейтін шығармалар айтылып, сахна мен көрермен арасында ерекше рухани байланыс орнады.
Мерекелік концерт соңында театр жетекшісі Елена Михайловна Валько көрермендерге, түлектеріне, ата-аналары мен оқушыларына алғыс білдірді.
«Свет звезды» – бұл жай ғана өнер ұжымы емес. Бұл – бала арманына қанат бітірген рухани мектеп, жарқын болашаққа бастар жол. Оның әрбір әні, әрбір сахналық қойылымы – жүректен шыққан шынайы өнердің куәсі.