|
|
|
2026 жылғы 18 наурызда «Жас дәурен» вокал студиясы «Әлемнің жарығы» Республикалық жас вокалистер байқауына қатысып, өз өнерін жоғары деңгейде көрсетті. Байқау Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен қашықтан форматта өткізілді.
Байқаудың негізгі мақсаты — талантты балаларды анықтау және қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ ұлттық мәдениетті сақтау және насихаттау. Сонымен қатар жас орындаушылардың отандық мәдени дәстүрлерге қызығушылығын арттыру, балалар вокал өнерін дамыту, академиялық, эстрадалық және халық ән айту дәстүрлерін дәріптеу, орындаушылық шеберлікті жетілдіру және ана мен бала арасындағы рухани-эстетикалық байланысты нығайту көзделді.
«Жас дәурен» вокалдық ұжымы «Эстрадалық вокал» номинациясы (соло орындау бағыты) бойынша өнер көрсетті. Байқауға Исатай Еркежан және Берекелі Бексұлтан қатысып, қазақ композиторларының ана тақырыбына арналған бір-бір әнін орындады. Берекелі Бексұлтан «Анашым-ай» әнін, ал Исатай Еркежан «Ай дидарлы анашым» әнін шырқады.
Байқау қорытындысы бойынша екі орындаушы да І орынға ие болды.
«Жас дәурен» вокалдық студиясы республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, өз беделін лайықты түрде танытты. Байқауға қатысу оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, орындаушылық шеберлігін арттыруға және вокал өнеріне деген қызығушылықты күшейтуге ықпал етті.
Жоғары нәтижелер ұжым жетекшісі Ногаева Б.К.-ның кәсіби шеберлігін және дарынды балалармен жүйелі жұмыстың нәтижесін айқын көрсетеді.