|
|
|
Павлодар өңірінде шешендік өнердің асқақ үні қалықтады. 2026 жылғы 3 наурызда М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Бала би» облыстық байқауының ақтық мәресі өтті. Бұл жай ғана жарыс емес, ұлттық рух пен ана тіліміздің құдіреті салтанат құрған нағыз сөз мерекесіне айналды.
«Жас Ұлан» ұйымы мен Оқушылар сарайының бастамасымен ұйымдастырылған бұл жоба бүгінгінің жас көшбасшыларын — ертеңгі ел тірегі болар ділмар шешендерді анықтауды мақсат етті.
Байқаудың финалына Баянауылдан, Ақтоғайдан, Ақсу мен Павлодар өңірлерінен іріктелген 8–10 сыныптың ең үздік 33 оқушысы жиналды. Олар — тек мектеп мақтанышы ғана емес, ойы ұшқыр, тілі майлы, жүрегі «қазақ» деп соққан жас өрендер.
Сайыс барысында қатысушылар төрт кезең бойынша сынға түсті: «Қоржын» кезеңінде терең ой айтса, «Ұлылар сөзі» мен «Жыраулар жырлайды» бөлімдерінде тапқырлық пен суырыпсалмалық өнерлерін паш етті. Ал «Таразы» кезеңі нағыз пікірталас алаңына айналып, жас шешендердің аргумент келтіру шеберлігін айқындады.
Байқау соңында қазылар алқасының мүшелері жас өрендердің дайындығына тәнті болып, өздерінің ақжарма тілектерін білдірді.
-Бүгін біз сахнадан тек оқушыларды емес, сөздің қадірін түсінетін, ойы кемел, рухы биік болашақ мемлекетшіл тұлғаларды көрдік. Әсіресе, жастардың тіл байлығы мен қиыннан қиыстырып жол табатын тапқырлығы бізді қуантты. Бұл — біздің қазақ тілінің, ұлттық діліміздің өлмейтіндігінің айқын дәлелі. «Бала би» атағын иелену — үлкен жауапкершілік, сендер сол биіктен көріне білдіңдер! – деді қазылар алқасының мүшесі, ақын, айтыскер Нұрбек Бәкір.
Қызу тартыс пен мазмұнды ой айқасының қорытындысы бойынша ең жүйріктер анықталды.
Бас жүлде - Береке ЖОББМ Ақсу қаласы
1 орын –№ 25 қазақ қыздар гимназиясы Екібастұз қаласы
2 орын – Баянауыл ауданы, Ш.Айманов ат. ЖОББ мектеп интернаты, Павлодар ауданы, №1 Чернорецк ЖОББМ
3 орын – Тереңкөл ауданы, Аққайын ЖОББМ, Ақтоғай ауданы Муткенов ат.ЖОББМ, Павлодар қаласы. М.Әлімбаев ат. ЖОББМ
Байқау барысында сахнадағы әрбір жастың бойынан ежелгі би-шешендеріміздің сарыны байқалды. Көрермендер мен ұстаздар қауымы жас шешендердің еркін көсілген сөздеріне риза болып, рухани азық алды.