Біз әлеуметтік желідеміз 

 facebook ok vk youtube

Бейнежаңалықтар 

Оқушылар сарайы 

Облако тегов 

Біздің қатысулар 

12808236
Бүгін
Ертең
Осы жұмада
Өткен жұмада
Осы айда
Өткен айда
Барлық күндер
5413
5749
28308
12574557
126689
375712
12808236

Сіздің IP: 3.144.252.140
Уақыт: 2024-04-19 16:54:29

«Бөбекке» сапар

Бөбекке шақырту алысымен, алдымызда тамаша саяхат күтіп тұрғандығын бірден білдік. Алматыға жетуге асықтық. Сара Алпысқызы құрған «Бөбек» орталығымен танысуға асықтық. Біз Бөбек орталығы ұйымдастырған «Шабыт көкжиегінде» атты жас журналистердің, ақындар мен жазушылардың студиясына қатыстық. Бірден айтатынымыз, өте қызықты болды.

14 қыркүйек күні таңғы сағат жетіден 13 минут кеткенде поездға отырдық. Ал ол үшін таңғы сағат 5-тен бастап тұрғандар да бар. Жетекшіміз болса мүлдем көз ілмепті. 27 сағат жүріп Алматы 1 теміржол вокзалынан түстік. Бізді Диля есімді сүйкімді апай күтіп алды. Автобусқа отырып, Бөбекке тарттық. Павлодардан барған алты адамбыз. Балалардан: Каратаева Камила, Махаббат Ақмарал, Өсербай Серікжан, Баяндина Мадина, Бәкіш Айгерім және жетекшіміз – Кибатова Самал Бакубаевна.

«Бөбекке» сапар

Алматы қаласымен жарты сағаттан көп жүріп бардық. Әйтеуір, ешқандай кептеліске кездеспедік. Бөбекке келгенде байқағанымыз: биік-биік таулар, айнала жап-жасыл шөп пен таза ауа. Бізді Бөбек орталығының қонақ үйіне орналастырды. Серікжан төменгі қабатта, ал біз қыздар жетекшімізбен екінші қабаттағы бес орынды бөлмеге орналастық. Бөлме іші тап-таза, төсек орындары да керемет, терезелері үлкен, ар жағынан қарлы шыңды таулар көрінеді. Бір сөзбен айтқанда өзімізді шетелдегі демалыс орнындағыдай сезіндік.

«Бөбекке» сапар

Бірақ біз демалуға келмеген екенбіз. Поездан түскеннен бастап бізді студия жұмысының кестесімен таныстырды. Дәл сол, 15-і күні кешкіде әр облыс өздерін таныстырады екен. Ол үшін арнайы дайындап әкелген презентациямызды көрсеттік, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Астана, Алматы қалалары және т.б. облыстардан келген балалармен таныстық. Одан соң алдағы бес күнде болатын шебер-сыныптарға қажет заттарды, Бөбек орталығының төсбелгісін алдық. 16 қыркүйектен бастап, бір минутқа да тізе бүкбестен бір-біріне жалғасып жатқан сансыз іс-шаралардың қатысушылары болдық. «Жас Алаш» газетінің тілшісі, ақын Қ.Нұрданбекұлының, ақын, жазушы, публицист, Жазушылар Одағының мүшесі Ә.Балқыбектің, «Балдырған» журналы редакторының орынбасары, жазушы, аудармашы С.Нұғманның, «Дружные ребята» газетінің редакторы О.Н.Гумированың шебер-сыныптарына, өз шығармаларымыздың байқауына қатыстық. Бірақ пайдалы нәрсені қызықты дүниелермен ұштастыру мүмкіндігіне де ие болдық. Абай атындағы опера және балет театрына Моцарттың «Похищение из сераля» күлдіргі операсына бардық, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының көрме залдарын тамашаладық, Қала бойынша саяхаттап, Тәуелсіздік алаңында болдық. Піл, арыстан, керік, аюлар мен маймылдардың түр-түрі жинақталған зообақта болып, армансыз суретке түстік. Кешкі уақытта қанша шаршасақ та жаңадан танысқан достарымызбен әңгіме-дүкен құрып түнгі онекілерде ғана ұйқыға кететінбіз. Таңғы сағат 7.30-да тұрып бәрін қайта бастайтынбыз.

Бөбек ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жеке өз тереториясы неге тұрады десеңізші. Айнала жап-жасыл, тау жиегінде орналасқан, әртүрлі гүлдер жайқалып тұр, өз мектебі, бала-бақшасы, колледжі, қонақ-үйі мен асханасы, обсерваториясы бәрі-бәрі бір жерде шоғырланған.

«Бөбекке» сапар

Бір сөзбен айтқанда Бөбекке барғанда арманда бармағанда арманда. Соңғы күні шебер-сыныптардың жұмысына қатысқандығымыз үшін сертификаттармен марапатталдық. Кеш соңында Бөбектің аға-апайлары бізге ән-би кешін ұйымдастырды.
Шынына келгенде, біздің кері қайтқымыз келген жоқ. Алдағы уақытта Бөбекке бізді шақырған болса, ойланбастан-ақ қайта жүріп кетер едік. Бөбек, саған рахмет! Сара Алпысқызына рахмет!

«Қаламгер» балалар баспасөз орталығы

Түсініктемелер қосу